Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің барлық қатардағы және басшылық лауазымдарына конкурстық негізде ғана орналасады, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметі, оның ішінде кадр саясатының трансформациясы толық жүзеге асырылуда. Осы реформалардың басты векторы – азаматтардың Ұлттық бюро жұмысына деген жоғары сенімін қамтамасыз ету», - деп мәлімдеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Кадр жұмысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ақбілек Мядыева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.

Кадр жұмыстарын қайта жаңғырту аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің кадрлар құрамын жаңарту маңызды фактор екендігін де атап өтті. Осы мақсатта құқық қорғау органдары арасында үміткерлерді қабылдаудың жалпы ұстанатын әдістерінен (ведомстволар арасында ауысу және бұрынғы қызметкерлердің қызметке қайта орналасуы) конкурстық іріктеуге өту жүзеге асырылған. Енді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің барлық қатардағы және басшылық лауазымдарына конкурстық негізде ғана орналасады.

Сонымен қатар, креативті ойлауы мен ескіге заманауи көзқарасы бар жас талантты адамдарға басымдық берілетінін деп атап өтті.

«Осы жұмыстардың нәтижесі әкімшілік шығындардың 1 млрд.теңгеден аса қысқаруы, Ұлттық бюро қызметкерлерінің жалақылары корпоративті сектордағы жалақы көлемімен салыстыратындай екі есе көбеюі болып отыр. Сондай-ақ, қабылданған шаралар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің беделін жоғарылатуға және қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін нығайтуға мүмкіндік берді», - деді Ақбілек Мядыева.