«Күлтөбе қалашығы» атты ашық аспан астындағы археологиялық парктің ғылыми тұжырымдамасын әзірлеу. «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасына қатысушылардың мақсаты осы. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Андрей Хазбулатов мәлім етті. Күлтөбе қалашығының орнын зерттеу бірқатар жаңалықтар ашты.

«Археолог-ғалымдар мен тарихшыларымыз ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстар нәтижесінде табылған артефактілер негізінде Түркістанның жасы - 2000 жылдан астам уақыт қана емес, сонымен бірге оның қаңлы дәуірінен бастап ХІХ ғасырға дейінгі үздіксіз тарихын дәлелдейтін материалдық жәдігерлер барын сенімді түрде айтып келеді. Қазір әр түрлі дәуірлерге тән ғимараттар, құрбандық шалу орындары бар ежелгі діни ғимараттар, ортағасырлық моншалар, мешіт және басқа да сәулет кешендері зерттеліп, қалпына келтірілген. Олар болашақта археологиялық саябақтың туристік бағытының басты орындарына айналады» - дейді Андрей Хазбулатов.