Республика аймақтарындағы құс шығыны күн сайын түгенделіп отырады. Мысалы, Қызылордада 12 бас тауық өлді. Халық 5 бас тауық өлсе де, бізге хабарлайды деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының м.а. Тұрсын Қаболданов журналистің қойған сұрағына жауап бере отырып. Оның айтуынша, құстардан алынған сынамалар, зертханаға жіберіледі.

«Құс өлімі жағдайларының 50 пайызынан астамында құс тұмауы анықталмайды. Құстар арасында табиғи шығын деген болады. Жалпы, Қазақстан бойынша өлген 588 мың тауық есепке алынды. Соның ішінде тек 329 651 бас құстың өлімі аурудан болған», - деді АШМ өкілі.

Спикер нақтылап өткендей, құс тұмауы тіркелген Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы кәсіпорындар тек жұмыртқа өндірумен ғана айналысқан. Бұл кәсіпорындар елімізде жұмыртқаға деген сұранысты 100 пайыз қамтамасыз етіп отырған. Ал ет өндірумен айналысатын құс фабрикаларында құс тұмауы тіркелген жоқ.