Бұл туралы Маңғыстау облысындағы коронавируспен күрес шаралары тақырыбына арналған онлайн-брифингте облыс әкімі Серікбай Тұрұмов мәлімдеді.

Бүгінгі күні медициналық мамандардың жұмыс көлемі артты. Дәрігерлер науқастардың өмірі үшін күн-түн демей аянбай күресуде. Алайда, науқастардың көбейуіне байланысты өңірде медицина мамандарының жетіспеушілігі байқалады. Ем алу шараларына 200 медициналық қызметкер жұмылдырылған. Десе де, өңірде реаниматолог, инфекционист, терапевт мамандары және жалпы практика дәрігерлері тапшы. Аталған мамандарды облысқа тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өзге аймақтан жоғары білікті мамандар шақыртылуда. Алдағы уақытта өзге облыстан дәрігерлер келмек.

Сонымен қатар Маңғыстауға Ресейден 5 маман келеді деп күтілуде. Жаңаөзен қаласына да облыс орталығынан қосымша 3 дәрігер маман жіберілед. Бұл қосымша күш өңір дәрігерлеріне үлкен қолдау болмақ.

«Барлық дәрігерлерді қолдау мақсатында олардың қауіпсіздігі үшін жайлы қонақ үйлерге орналастырылып, үздіксіз тамақтандырылып, үстемақылары толық көлемде төленіп жатыр»,- деді аймақ басшысы Серікбай Тұрұмов.

Сонымен қатар аймақтағы қала мен аудандарда бірқатар мектептердің ішінде орналасқан екпе жасау бөлмелері халыққа медициналық қызмет көрсету жұмыстарына жұмылдырылды. Мектептердің екпе жасау кабинеттерінде кәсіби білікті мейірбикелер толыққанды медициналық ем-шараларын жасайтын болады.

«Коронавируспен күрес шараларына волонтерлар да атсалысып жатыр. Облыс бойынша провизорлық орталықтарда 80-ге жуық ерікті қызмет етуде. Олардың ішінде, облыстық волонтерлар корпусының жастары, медициналық колледж студенттері, өңір спортшылары, сондай-ақ қалыптасқан жағдайға бей-жай қарай алмаған бірқатар азаматтар бар. Осы орайда, барлық волонтерларға алғыс білдіремін», - деді С.Тұрұмов.