Бүгін ҚР президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы және Наиб муфтий Ершат Оңғаров алдағы уақытта еліміздегі мешіттердің жұмыс тәртібі туралы баяндады.
18 мамырдан жеке құлшылық жасап, Құран оқытып, неке қидыруға ниет білдірген азаматтар үшін мешіттердің есігі ашылады.
Алайда, бұл – еліміздегі барлық мешіттің есіктері ашылады деген сөз емес. Өйткені, әрбір облыстағы карантин жағдай деңгейі әртүрлі. Бас санитарлық дәрігердің карантиндік режимнің кезеңдік талаптарын сақтау бойынша қаулысына және өңірлердің коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың қаулысына сәйкес жұмыс жүргізіледі.
«Ал карантин талаптарын сақтау үшін жамағатпен оқылатын бес уақыт, жұма, тарауық намаздарына қатысты қойған уақытша шектеуді өз күшінде қалдырып отырмыз. Жамағатпен оқылатын намаздардың мерзімін алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз»,- деп атап өтті Бас мүфти
Карантин режимінің талаптарын қатаң сақтап, сақтық шараларына аса мән беруге шақырған дін өкілдері мешітке кірудің негізгі талаптарына тоқталды.
- мешітке келуші барша жамағаттың медициналық маска және қолғап киіп келуі;
- антисептик құрылғысын жиі қолдануы;
- жеке құлшылық жасау кезінде бір жарым метр арақашықтықты сақтау;
- Құран оқитын бөлмеге бір жарым метр арақашықтықты сақтай отырып, 10 адамнан артық кірмеу;
- неке қидыратын бөлмеге 4 адамнан артық кірмеу сынды ережелер сақталады.
Наиб муфтий Ершат Оңғаров өз сөзінде, мешіт имамдарының кеңесіне құлақ асып, мешітке лек-легімен кезекпен кіруге, мешітте 15 минуттан артық болмауға шақырды. Бұл мешіт ауасын әр 3 сағат сайын таза ауамен алмастырып отыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Биыл Қадір түні мамыр айының 19-нан 20-на қараған түнге сәйкес келеді. Бұл түні мешітке адамдар кіргізілмейді. Әрбір адам өз үйінде қарсы алатын болады.