Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес, БҒМ «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекітті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен сараптамалық баспасөз маслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлімдеді. Оның айтуынша, бастапқы бағыт әдебиетке байланысты. Оқу көркем әдебиет арқылы жүргізіледі. Бұл ретте әдебиетті оқыту бағдарламасын өзгерту қажет.

«5-11 сынып арасында оқытылатын қазақ әдебиеті пәні бағдарламасын өзгерту, әлемдік әдебиет мектепте қалай оқытылуы керек? Қазақ тілінде ме? Басқа тілде ме? Әдиебетті тілден бөлек қарастыруға болмайды. Тіл және әдебиет пәні, оның ішінде қазақ тілді мектептерде оқытылатын Қазақ тілі мен әдебиеті бағдарламасы, басқа тілде оқытылатын мектептердегі Қазақ тілі мен әдебиеті бағдарламасы бойынша үлкен жұмыс басталды. Осы мәселелер ғалымдардың алдына шығарылды. Осы бағытта жұмыс топтары құрылды», - деді вице-министр.

Сонымен қатар, әдебиетті оқыту, жалпы көркем әдебиеттің елдегі, тарихтағы дәуірлік кезеңдерді ескеретінін қарай отырып, Тарих пәнінің де бағдарламасын қайта қарау, оның әдебиетпен байланысын сәйкестендіру бойынша Тарих пәнінің бағдарламасына өзгерістер енгізіледі. Сыныптан тыс оқытылатын әдебиетке тоқтала келе, вице-министр әр сыныпқа жас ерекшелігіне қарай көркем әдебиеттер тізімі жасалатынын жеткізді.

Сонымен қатар, кітапханалардың жұмысы қайта қаралады.

«Кітапхана – кітаптардың, оқулықтардың, көркем әдебиеттің қоры. Барлық облыстардағы білім басқармаларына үлкен талаптар қойылды. Кітапхананың жұмысы қалай өзгеруі керек? Кітапхана оқушының кітапқа құштарлығын арттыратын орын болу керек. Көркем әдебиетті сатып алу бойынша талаптар қойылды. Кітапханалардағы жалпы көркем әдебиеттің тізімі бекітіліп, ол сатып алынып, оқушының нақты қолына жеткізілуі де үлкен іс», - деді Ш.Каринова.