Орталық коммуникациялар қызметі алаңында жұртшылықты мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімдеріне енгізілген өзгерістер туралы хабардар ете отырып, Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметов мемлекеттік сатып алу мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына қолжеткізудің тиімді құралы болып табылатына мысалдар келтіріп өтті.

Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік сатып алулар бизнесті адал ниетпен салық төлеуге, жаңа жұмыс орындарын құруға, материалдық базаны (негізгі құралдарды) арттыруға ынталандырады.

«Біз қолжеткізген жетістіктермен шектеліп қалған жоқпыз, қазір мемлекеттік сатып алуды мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау құралы ретінде пайдалану мәселелері пысықталуда. Атап айтқанда, біз байқауларда мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейтін компанияларға артықшылық беруді ұсынып отырмыз. Мұндай тәсіл компанияларды аталған санаттағы азаматтарды жұмысқа тартуға ынталандырады», - деп нақтылады департамент басшысы.

Бұдан басқа, Қаржы министрлігі өкілінің ақпараты бойынша, нарықты монополияландыруды алып тастау және шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау шеңберінде уәкілетті мемлекеттік орган сатып алуға қатысу лимитін белгілеу мәселесін пысықтауда.