Бір үй - бір бірлестік - бір есепшот қағидаты ақшаны жұмсау мен қолданудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Өйткені, оны бақылау мен мониторинг тұрғындардың қолында болады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Өңірлік даму және әдіснама департаментінің басшысы Марғұлан Әбдікәрімов осылай деді. Бұл ретте спикер МИБ-ке өту алгоритміне тоқталды.

«Көппәтерлі үйді басқарып, күтіп ұстау үшін тұрғындардың жалпы санының 51 пайызының (кворум) қатысуымен жиналыс өткізіліп, шешім қабылдануы тиіс. Егер кворум жиналмаса, шешім заңсыз деп саналады. Тұрғындардың 10 пайызынан құралған бастамашы топ хабарлама жібереді, оның нысаны, хаттама толтыру формаларының барлығы «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ сайтында орналастырылған. Онда инфографика, бейнероликтер, басқа да қажетті құжаттардың нысандары ұсынылған», - деді М.Әбдікарімов.

Бірақ карантинге байланысты жиналыс өткізу қиын. Бұл ретте кворум жиналған жоқ деп хаттама толтырылады және екінші мәселе ретінде жазбаша сауанамаға көшетіні туралы шешім қабылдануы керек.

«Осыдан кейін 7 күннің ішінде сауалнама парақшалары тұрғындарға таратылады, ал 1 айдың ішінде бастамашы топ парақшаларды жинап, дауыстарды есептейді. Ол міндетті түрде 51 пайыз болуы керек. Сонда хаттама заңды деп саналады», - деді департамент басшысы.

Мүлік иелері бірлестігін тіркеу үшін 4 құжат керек: өтініш, хаттаманың түпнұсқасы, типтік жарғы және бюджетке төленген мемлекеттік баждың түбіртегі.