Қазақстан - пандемия кезінде сайлау өткізетін жалғыз ел емес. Сайлау процесінің және барлық қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бас санитарлық дәрігердің тиісті қаулысы қабылданады. Қазір оның форматы мен қабылданатын шаралар талқылануда. Бұл туралы журналистің сайлау күні қойылатын санитарлық талаптар туралы сұрағына берген жауабында ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.

Оның айтуынша, талаптардың 3 негізгі санаты алдын ала анықталды: біріншісі – процесті ұйымдастыруға, екіншісі – сайлаушыларға, үшіншісі – күні бойы сайлау учаскелерінде болатын адамдарға қойылатын талаптар.

«Орын жайда байланыссыз термометрия, ағындарды міндетті түрде реттеу, әлеуметтік қашықтық, бетперде тағу режимі, санитайзерлерді пайдалану, COVID-ке күдікті науқас немесе кез келген температуралық науқас анықталған жағдайда оқшаулағыш болуы керек. Сайлаушыларға қойылатын талаптар – маскалар тағу, антисептиктер қолдану және әлеуметтік қашықтықты сақтау. Эпиджағдайдың тұрақсыз екенін ескере отырып, өңірлер сайлау өткізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызылдан сары аймаққа және жасылдан сарыға үнемі ауысып отырады, сайлау учаскелерінде ұдайы болатын адамдар санатын міндетті түрде тестілеу мәселесі қаралуда. Бұл, заңға сәйкес, сайлау комиссияларының мүшелері, бақылаушылар, сенімді адамдар. Тестілеу қызыл және сары аймақтардағы өңірлер үшін тек өңірлер бөлінісінде ғана емес, 25 желтоқсаннан бастап дауыс беру сәтіне дейін аса қауіпті аймақта болатын өңірлердегі аудандық деңгейде де міндетті болады деген мәселені қарау жоспарлануда. ПТР әдісімен COVID-19 тестін сайлау басталғанға дейін 5 тәуліктен ерте емес, яғни 5-9 қаңтар аралығында тапсыру қажет», - деп түсіндірді Айжан Есмағамбетова.

ПТР тест тегін болады. Ол үшін Денсаулық сақтау басқармасында сайлау комитетінің мүшесі, бақылаушы немесе сенімді тұлға мәртебесін растайтын құжатты көрсетіп тіркелу қажет.

«Бұл тестілеуге қолжетімділікті қамтамасыз ету, тізімдер құру, ағындарды реттеу және осы сынақтар өткізілетін зертханаларды анықтау үшін қажет. Осы шаралардың барлығы сайлау өткізу мен сайлау процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жоспарланған. Шаралар мен тәсілдер әлі де түзетілуі мүмкін. БАҚ өкілдері сайлау учаскелерінде тұрақты болмайтындығын ескере отырып, оларға ПТР тестілеу бойынша талаптар қойылмайды», - деп қорытты комитет басшысы.