Бюджеттің кіріс бөлігінің төмендеуіне қарамастан, Үкімет тұрақтылық пен бәсекеге қабілеттілікті сақтау мақсатында іскерлік белсенділікті ынталандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің басшысы Марат Сұлтанғазиев мәлімдеді.

«Мүлік салығы, жер салығы, ЖТС, акциздер және басқа да салықтардың кейбір түрлері үшін 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін нольдік мөлшерлемелер енгізілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату және импорттау бойынша ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді.

Салық декларацияларын тапсыру мерзімі 2020 жылғы 31 наурыздан 31 мамырға дейін ұзартылды. ШОБ салық төлеушілердің барлық санаттары бойынша салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, әлеуметтік төлемдер бойынша 2020 жылғы 1 маусымға дейін кейінге қалдырылды», - деді Сұлтанғазиев.

2021 жылғы 1 қаңтарға дейін жолаушылар әуе тасымалдаушылары үшін әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және лизинг мәмілелерін заңды сүйемелдеу бойынша резидент еместер үшін ҚҚС төлеу бойынша кейінге қалдыру көзделген. 2020 жылғы 1 маусымға дейін салықтық бақылау және мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қосымша тоқтатылды. «Мемлекет басшысы фискалдық саясатты жаңғырту және салықтық преференциялар мен жеңілдіктердің тиімділігіне талдау жүргізу бойынша міндеттерді алға қойды. Тау-кен секторындағы жер қойнауын пайдаланушыларға салық салуды одан әрі жаңғырту жоспарлануда, онда мөлшерлемелер 2009 жылдан бері өзгермеген», - деді МКК басшысы.

Сондай-ақ, ол әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелердің орындалуын жеңілдету мақсатында зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды және міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдарды біріктіру жоспарланғанын атап өтті. Сондай-ақ жеке тұлғалардың мүлкі мен жеріне салынатын салықтарды салық элементтерін өзгертпей біріктіру ұсынылуда.

«Біз электронды сервистерді одан әрі дамыту және белсенді қызметтерді енгізу міндетін алға қойып отырмыз. Сондай-ақ, бизнесті бөлшектеу және «конверттерде» еңбекақы беру арқылы салық төлеуден жалтаруға қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстарды күшейту жоспарланған», - деді М.Сұлтанғазиев 9 автокөлік пен бір теміржол өткізу пунктін қайта құру және техникалық жарақтандыру басталатынын атап өте отырып.