Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауылдық жерлерде тұратын, сондай-ақ аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан дарынды балаларды анықтау жүйесін енгізу және олардың әрқайсысы үшін қабілеттіліктерін қолдау мен дамыту бойынша жеке жол картасын құру қажеттігін атап өткен болатын. Жолдаудың жүзеге асырылуы туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз шарасында айтылды.
ҚР Тұңғыш Президенті Қорымен бірлесіп талантты балалар мен жастарды анықтау және қолдау бойынша Жол картасы әзірленіп, келісілуде деді журналистермен кездескен ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.
Сондай-ақ, министрлікпен қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты қысқарту, орта білім беру оқулықтарын әзірлеу мен сараптаудың жаңа жүйесін құру жөнінде жұмыстар жүргізілуде.
"Әлемдік тәжірибеде білім беру сапасының негізгі көрсеткіштері PISA халықаралық салыстырмалы зерттеулерінің нәтижелері болып табылады. Осыған байланысты, талдау жүргізіліп, нәтижесінде білім сапасына не әсер ететіндігі анықталды. Біріншіден, бұл жұмыс істейтін педагогтардың сапасы, олардың біліктілік санаттарының деңгейі, біліктілікті арттыру жағдайы, сондай-ақ болашақта мектепке жұмыс істеуге келетін педагогикалық кадрларды даярлау сапасы. Екіншіден, жоспарлы түрде педагогтардың біліктілігін арттыру курстары өткізіледі",- деді спикер.
Ауылдық шағын жинақты мектептердің педагогтары үшін мамандық бойынша мұғалімнің құзыреттілігін арттыру курстары, сондай-ақ біріктірілген сыныптар жағдайында пәнді оқыту курстары жоспарлануда. Осы мақсатта 2020-2022 жылдар аралығында Дүниежүзілік Банктің "Орта білім беруді жаңғырту" жобасы шеңберінде жұмыс жүргізілетін болады. Сонымен қатар, болашақ мұғалімдерді сапалы даярлау үшін жоғары оқу орындары мен колледждерде білім беру бағдарламалары, студенттердің мектепте тәжірибеден өту мерзімдері қайта қаралды.
ТжКБ мәселелері бойынша. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту жөніндегі шаралар 2019-2021 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың Жол картасы шеңберінде іске асырылады. Жол картасымен 4 міндет бойынша 59 іс-шараны жүзеге асыру қарастырылған:
- Еңбек нарығы мен кадрларды даярлау жүйесі арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл;
- Тиімді инфрақұрылым құру;
- Басқарудың корпоративтік нысанын жетілдіру;
- Педагогтердің, ТжКБ оқу орындары басшыларының, WSK сарапшыларының әлеуетін дамыту.