Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда салық саласында толық ревизия жүргізіледі. Сондай-ақ, 2022 жылға дейін жаңа салық кодексі әзірленетін болады. Бұл кәсіпкерлерге пайдалы, әрі ұтымды болуы керек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді.

Оның айтуынша, пандемия басталғалы Мемлекет басшысы, Үкімет, «Атамекен» ҰКП тарапынан да кәсіпкерлерді қолдау бойынша көптеген шаралар қолға алынды. Мысалы, салық салу саласында бірқатар жеңілдіктер жасалды.

«Шағын және орта бизнес маусым айына дейін салықтан босатылды, ал жалақы төлемінен салық төлеу бойынша қиындықтар көріп отырған кәсіпкерлерге төлем жасау мерзімі бұрын 1 қазанға дейін белгіленсе, енді мемлекет басшысының тапсырмасымен жыл соңына дейін ұзартылды. Бұдан басқа, мәжбүрлі демалысқа кеткен кәсіпкерлерге 42500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем төленді», - деді А.Мырзахметов.

Спикердің атап өтуінше, банктерден несие алған кәсіпкерлердің 40 пайыздан астамы несие төлемін кейінге қалдыру мүмкіндігіне ие болды. Несие төлеуден босату мерзімі бұрын 1 қазанға дейін болса, қазір жыл соңына дейін ұзартылды. Бұл ТЖ басталғанда, наурыз айында қолға алынған шара.