Өнімдер сауда орындарына ветеринарлық құжаттармен, ілеспе қағаздармен жеткізіледі. Бұл құжаттар өнімдердің тексеруден өткенін растайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының м.а. Тұрсын Қабдолданов журналистің қойған сұрағына берген жауабында мәлімдеді. Оның айтуынша, ветеринарлық анықтама өндірілген өнім тексерілгеннен кейін зертханалық сараптама болғанда ғана беріледі.

«Өнім базарға әкелінген кезде онда да ветеринарлық инспекторлар бар. Ол жерде қадағалау күнделікті жүргізіледі. Базарларда ветринарлық-санитарлық сараптама зертханалары бар. Әр өнім сатылатын орынның барлығы күнделікті бақыланады. Оның режимі, температурасы, өнімді сақтау тәртібі, сатылуы таңнан кешке дейін бақылауда болады. Сондықтан базардағы тауық өнімдерінің қауіпсіздігі халық үшін толық қамтамасыз етілген деп сеніммен айта аламын», - деді Т. Қабдолданов.