Еліміздің дамуы мен келешегі балалар мен жасөспірімдердің білімі мен рухани дамуына тікелей байланысты. Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылды «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов мәлімдеді. Мақсат - кітап оқуға үндеу арқылы балалардың мәдениетін көтеру.

«Биыл алуан түрлі мәдени-танымдық, оқыту шараларын өткізу жоспарланған. Соның ішінде, кітапханалар жүйесі мен қызметінің заманауи үлгілерін ұйымдастыру ісі жолға қойылуда. Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында өтетін шаралармен республиканың барлық аймақтары қамтылады. Оқырмандардың кітап оқуына барынша жағдай жасалады», - деді вице-министр.

Мысалы, Алматы қаласында, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары аумағында жаңа коворкинг орталықтарын ашу жоспарланған. Бұл жастарды, балларды, жасөспірімдерді кітапханаға тарту мақсатында жасалуда. Министрліктің мәліметінше, бүгінде коворкингтардың жұмысы 2,5 есеге артты. Елімізде 401 коворкинг орталықтары жұмыс істеуде.

Бұдан басқа ағымдағы жылы еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында Балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық кітапхананы ашу мәселесі заңнамалық және қаржылық тұрғыда пысықталатын болады.