«Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ уәкілетті оператор ретінде 2021 жылдың 23 қаңтарынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделуге төлеу үшін пайдалануға өтініш тапсыра алатын арнайы онлайн платформаны іске қосады.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, біржолғы зейнетақы төлемдерін дербес пайдалануға болады. Ал егер БЖЗҚ салымшысы бұл төлемдерді өзі пайдалануды жоспарламаса, ол төлемді өзінің жақын туысына және/немесе жұбайына/зайыбына табыстай алады.

Өтініш беру үшін қолданылу мерзімі аяқталмаған, қызмет алуға жарамды электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болу қажет. Зейнетақы жинақтарының қолжетімді көлемін ҚР БЖЗҚ порталынан нақтылауға болады.

Зейнетақы шотында жеткіліктілік шегінен тыс және ЖТС шегеріле отырып жинақталған ақшаны пайдалануға болады, бірақ оны да кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі. Бұл жағдайда клиент жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарының барлық көлемін пайдалана алады. Айта кетейік, жинақтарды әр түрлі мақсаттарға шектеусіз рет пайдалануға болады.

«Отбасы Банк», уәкілетті оператор ретінде, зейнетақы жинақтары аударылатын арнайы ағымдағы шоттарды ашу және жүргізу, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын арнайы ағымдағы шоттан арнайы мақсатқа аударуға қатысты агенттік қызметтер көрсеткені үшін комиссия алмайды.