Несие алып, оны төлей алмай отырған қазақстандық кәсіпкерлерге не істеу керек? Мейрамхана қызметкерлері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг спикерлеріне осындай сауал жолдады. ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиевтің айтуынша, мұндай жағдайда төлемді кейінге қалдыруды немесе қарызды қайта құрылымдауды сұрау керек.

«15 маусымда Қаржы нарығын реттеу агенттігі бизнес несиелері бойынша төлем мерзімін кейінге қалдырудың арнайы тәртібін қабылдады. Несиені кемінде 90 күнтізбелік күнге қайта құрылымдау және кейінге қалдыру үшін банктерге және шағын несие ұйымдарына жүгінуге болады», - деді шенеунік.

Сонымен қатар, брифингке қатысушылар, несие берушілердің мемлекеттен әлеуметтік төлемдер алуына байланысты жаңадан несие бермеу жағдайларын негізсіз деп санайды.

«Қаржы нарығын реттеу агенттігінің нормативтеріне сәйкес, 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемдер және несие төлемдерін кейінге қалдыру несие тарихының нашарлауына соқтырмайды. Егер банк дәл осы себеппен несие беруден бас тартса, клиент уәкілетті органға жүгіне алады», - деді қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов.

Айта кетейік, 3 айда 3 миллионнан астам қазақстандық 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем алды. Осы мақсаттта мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 370 млрд теңге бөлінді.