Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев пандемияның жаңа толқынына байланысты күшейтілген шаралар мен мегаполистің санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы баяндады.

Бүгінде пандемияның екінші толқынына 7011 орындық, оның ішінде 250 реанимациялық орындық 23 ковидтік клиника дайындалды. Пандемия кезеңінде Алматы үш жаңа инфекциялық стационар салынды - 2 модульдік клиника және РВ-90 госпиталі. Жеке инвестициялардың есебінен екі клиника жаңартылды.

«Клиникалардың материалдық-техникалық база нығайтылды. Өткен жылы медициналық ұйымдарды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуді жаңғыртудың үш жылдық бағдарламасын қабылдадық. Биылғы жылы 74 стационар мен емханалар үшін 4197 бірлік жабдық сатып алынды», - деді Алматы әкімі.

Оның мәліметінше, жедел медициналық көмек жұмысы және науқастарды бағыттау жаңа алгоритмдерге ауыстырылды. 35 жаңа жедел жәрдем машинасы сатып алынды. Жыл соңына дейін қосымша 50 жаңа машина әкелінеді. 2021 жылдың басында – тағы 50 машина қосылмақ.

Жалпы қалалық зертханалар желісі мен пациенттерді диагностикалау жұмысы орталықтандырылды. Жалпы қуаты – тәулігіне 14 мыңнан астам полимеразды тізбекті реакция (ПЦР) зерттеулерін өткізеді. Оны тәулігіне 22 мыңға дейін арттыру мүмкіндігі бар.

Қалалық стационарлар тікелей көре алатын КТ-, МРТ-, рентген-суреттердің бірыңғай қоры құрылды. Жасанды интеллект негізіндегі ІТ-платформа өкпенің барынша зақымданған бөлігін анықтап, дәрігерлерге нақты диагноз қоюға көмектеседі және емдеу сапасын жақсартады.

Сондай-ақ, алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімшелерінің жұмысы күшейтілді.

«Өткен жылы медициналық қызметтермен жақыннан қамтамасыз ету бойынша 3 жылдық қалалық жоспарды қабылдадық. Барлығы 35 амбулатория саламыз. 16 амбулатория пайдалануға берілді, келесі жылы тағы 11-ін іске қосамыз», - деді мегаполис басшысы.

Бірінші эшелон стационарларын медициналық газдардың, оның ішінде оттегінің орталық жүйесімен қамтамасыз ету жөніндегі жалпықалалық бағдарлама іске асырылуда. Қаладағы медициналық ұйымдардың кәріз жүйесіне биологиялық қауіпсіздік режимі енгізілді. Медициналық қалдықтарды жоюды бақылау күшейтілді.