Экологиялық белсенділер командасы, «Jasyl Arystan» жеке қоры ғаламшардың ластану проблемасымен күресуде. Олар туған жерден бастап, пластикті зерттеуге және онымен күресуге бағытталған «Пластиктен таза Қазақстан» деп аталатын жобаны қолға алды.

«Jasyl Arystan» ЖҚ басқарма төрайымы Гүлнар Ережепованың айтуынша, соңғы уақытта адамзаттың пластмассалар мен пластиктен жасалған басқа да бұйымдарды тұтынуы ондаған есеге өскен. Қазір бүкіл әлемде жылына 400 млн тоннадан астам пластик өндіріледі.

1950-2018 жылдары аралығында 8,5 млрд тонна пластик бұйым өндірілді (Plastics Europe деректері). Әлемдік деңгейде барлық пластик қалдықтардың тек 5-10 % ғана қайта өңделеді. 12% өртеледі, 79% қоқыс тастау орындарына және қоршаған ортаға тасталады. Пластик бұйымдардың ұзақ сақталуын есепке алсақ (пластмассаның табиғи ыдырау мерзімі 500 жылға дейін), бұл жағдай үлкен апатқа соқтырады.

«Қазақстан да бұл мәселеден тыс қалған жоқ. Ел аумағында жыл сайын 5 млн астам қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) жиналады, олардың ішінде 15% - пластмасса. Демек, әр қазақстандық сәбилерді қоса алғанда жылына 42 кг жуық пластикалық қалдық қалдырады. . Бұл ресми дереккөздерден алынған мәліметтер, бірақ біз еліміздегі пластикпен ластану мәселесі одан да күрделі екенін және көрсеткіштер әлдеқайда жоғары екенін түсінеміз. Қазіргі проблема бойынша шынайы және жаңа деректер алу мақсатында Қор биыл өңірлердің пластикпен ластануы бойынша ауқымды зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Жұмыста зерттеу жүргізудің әртүрлі әдіснамасы, мысалы, статистикалық талдау да, жергілікті жерлерге көшпелі сараптамалар да қолданылатын болады. Бұл іс-шараны іске асыру көп еңбекті қажет етеді, бірақ елдегі проблеманың ауқымын нақты анықтау және шешімдер мен шараларды іздеу үшін қажет және дұрыс болып табылады. Бұл Қор сарапшыларының байыпты және мұқият көзқарасын тағы бір рет жеткізеді», - деді белсенді.