Праймериз жаңа «әлеуметтік лифт» қызметін атқарып, қатысушылардың жария саясатта өздерін көрсетулеріне, өз көзқарастары мен позицияларын қорғай алуына мүмкіндік берді. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Бәсекелес күресті барша жұрт бақылады, әркім үгіт-насихатын өз жеке стратегиясы мен тактикасы тұрғысынан жүргізді. 1 980 пікірсайыс өткізілді. Олар түрлі сипатта болды: бірінде қызу пікірталас болса, ал енді бірі жайбарақат өтті. Үгіт-насихат кезеңінде 123 656 іс-шара мен жарияланым ұйымдастырылды. Олардың ішінде 62 810 іс-шара тікелей 1,4 миллион адамды қамтыды. Әлеуметтік желілерде 60 846 (49%) жарияланым шықты. Республикалық және өңірлік БАҚ-та 4 113 материал жарық көрді. Үгіт-насихат кездесулері барысында 216 сайлауалды бағдарламасының жобасы талқыланды», - деді спикер.

Оның атап өтуінше, «Nur Otan» ел тарихындағы әрбір облыс, қала, аудан үшін жеке және нақты бағдарламалар әзірлеген алғашқы саяси партия болды. Тұрғындар өз ұсыныстарын айтып, өзекті мәселелерді талқылады. 20 мыңнан астам ұсыныс жиналды.

«Олардың басым бөлігі 21% (3648) - тұрғын үй және ТКШ, 15% (2701) - Көлік және инфрақұрылым, 11% (2052) - әлеуметтік проблемалар, 8% (1504) - білім беру, 1264 немесе 7% - денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты болды. Өңір тұрғындарының көбі интернет-байланыстың сапасы және экология бойынша сұрақтар жолдаған. Азаматтардың барлық ұсыныстары партия бағдарламаларын пысықтау кезінде ескерілетін болады», - деді партия хатшысы.