Праймериз елімізде демократияның алғышарттарын жасауға бағытталған бірінші қадам. Шалыс қадамдар болады, бола береді. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Nur Otan» партиясының жақтастары Лигасының мүшесі Ерлан Саиров журналистің жолдаған сауалына берген жауабында осылай деді. Оның айтуынша, кейбір жерлерде праймериз әділетсіз өтті деп пайымдайтындар бар, бірақ әлеуметтік желіні пайдалану және еліміздегі нақты саяси процес екі бөлек нәрсе.

«Праймериз - бұл ең бірінші жоба. Бұдан кейін көптеген жобалар бола береді. Әрине кемшіліктер болды. Кейбірі тікелей халық дауыс береді деп ойлап, әлеуметтік желіде жұмыс істеді, ал «Nur Otan» партиясының электоратына өз ойлары жетпей қалды. Екіншіден, жүйе қарсы болды. Саяси жүйе мұндай жаңалықтарға қарсы болады. Ол өзінің тұрақтылығын сақтауға тырысады. Бұл жерде жаңа технологияны пайдаланғандар, сол жүйемен нақты күресуге дайын азаматтар жеңді», - дед спикер.

Е.Саиров праймериз барысында жастардың белсенділігі жоғары болғанын атап өтті және партия өзінің алдағы сайлауға ұсынатын көшбасшыларының құрамын ойдағыдай дәрежеде жаңғыртты.