Жыл сайын мыңнан астам дәрігер өз елінде одан әрі еңбек етуге ынталандырылмауынан шетелге жұмыс істеуге кетеді. Бұған психоэмоционалды жүктемені, құқықтық саладағы кемшіліктерді және әлеуметтік кепілдердің төмен болуын қосыңыз. Диплом алған кадрлардың ішкі миграциясы да артып отыр.

Ресми мәліметтер бойынша, 11 278 медицина қызметкері шет аймақтардан қалаларға көшіп келген. Осылайша, өңірлердегі медициналық көмектің сапасы нашарлайды. Қазақстандық дәрігердің беделін қалай арттыруға болады? Қабылданып жатқан шаралар туралы республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Қанат Төсекбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

«Мемлекет басшысы дәрігердің орташа еңбекақысының экономикадағы орташа еңбекақыға арақатынасын 2023 жылға қарай 2,5 есеге жеткізу міндетін алға қойды. Әлеуметтік қолдау шаралары мен кепілдіктер жүйесі есебінен, өмір сүруге жақсы жағдайлар жасау, көтерме құралдардың қалыпты деңгейін қамтамасыз ету арқылы дәрігердің және жалпы медицина қызметкерінің мәртебесін көтеру қажет. Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, дәрігердің орташа еңбекақысының экономикадағы орташа еңбекақыға арақатынасы 2023 жылы бір еңбекақыға шаққанда 1,8 дейін жеткізілетін болады, ал 2025 жылы Қазақстанда бір ставкада жұмыс істейтін дәрігердің орташа еңбекақысы кемінде 550 000 теңгені құрайды. Дәрігердің орташа айлық еңбекақысының 1 лауазымға арақатынасының жоспарланған индикаторы 2020 жылы аймақ экономикасындағы қызметкердің орташа айлық номиналды еңбекақысына 1: 1,3 құрайды», - деп атап өтті спикер.

Айта кетейік, соңғы 2 жылда медицина қызметкерлерінің еңбекақысы елу пайызға өсті.Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің маңызды кепілдіктері жаңа «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте қарастырылған. Құжатта тиісті еңбек жағдайларын жасау және ЖҚҚ қамтамасыз ету, жұмыс берушінің немесе бюджеттің есебінен біліктілікті арттыру немесе оны ауыстыру мүмкіндігі, еңбекақы мен сыйақылардың өсуі, қателіктерден сақтандыру мәселелері көрсетілген.