Биыл Құрбан айт мерекесі 31 шілдеге түсіп, 2 тамызға дейін жалғасады. Ал бұл елдегі карантин уақытымен сәйкес келеді. Сондықтан бүгіннен бастап 30 шілдеге дейін өтініштер "qurban2020.kz" арнайы сайтында қабылданады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚМДБ басшысы, еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді.

Өтінімдерді онлайн қабылдау және одан әрі ет таратуда осындай тәжірибе Түркияда, Малайзияда, Индонезияда, БАӘ және басқа да бірқатар мұсылман елдерінде қолданылады.

«Біз мұндай жобаны алғаш рет іске қосамыз. Шағын техникалық ақаулар болуы мүмкін, сондықтан бастаманы үлкен түсіністікпен қабылдауларыңызды сұраймын. Ниетімізде теріс пиғыл жоқ, мұнымен ақша табу көзделмейді, біз өз отандастарымызға қасиетті борышын орындауға мүмкіндік жасағымыз келеді. Мүмкін, онлайн-құрбандық келесі жылы да жалғасатын шығар»,- деді муфтий.

Әр өңірде құрбандық шалу орындары анықталды. Тәртіп пен қадағалауды санэпидқадағалау, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қадағалайды. Барлық қосымша анықтама мешіттер жанындағы арнайы ақпараттық орталықтарда ұсынылады.

Егер бұрын мал етін 3 бөлікке бөліп, дастархан басына туғандары мен жақындарын шақырса, енді ет толықтай мұқтаждарға беріледі.

ҚМДБ наиб имамы Ершат Оңғаровтың айтуынша, сайт бірнеше бөлімнен тұрады. Ірі қара мал немесе түйені бір адам немесе жеті адам шалса болады. Ал ұсақ мал – бір. Бұл ретте, өтінім мәртебесін бақылауға болады, ал құрбандық шалу рәсімінен кейін WhatsApp арқылы фото және бейне есеп алуға болады.

ҚМДБ өкілінің айтуынша, өтінішті мұқтаж отбасылар да қалдыра алады. Расталған жағдайда ет волонтерлер мекен-жайына жеткізіледі.