Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 10,5 млн га дәнді және бұршақты дақылдар немесе олардың жалпы жинау алаңының 66% жиналды. Ағымдағы орташа өнімділік гектарына 11,7 ц құрап, 12,2 млн тонна астық бастырылды.

Спикер өңірлерден жаңа деректер келіп түсуіне қарай, орташа өнімділік көрсеткіші егін жинау науқаны аяқталғанға дейін бірнеше рет өзгеретінін атап өтті. Сонымен қатар, ол өткен жылы осы уақытта 2 есе аз, нақтырақ айтқанда – 5,3 млн га (35%) және 5,8 млн тонна жиналып, бастырылғанын жеткізді.

Биыл егін жинаудың жоғары қарқыны негізінен егіс және агротехникалық іс-шаралардың уақтылы жүргізілуіне, ауыл шаруашылығы техникасының, отынның сапалы дайындығына, сондай-ақ салыстырмалы түрде қолайлы ауа райы жағдайларына байланысты болды.

«Ағымдағы маусым ерекше болды: егін егу төтенше жағдай режимінің қатаң жағдайларында өтті, ал жаз құрғақ болды. Дегенмен, егіс оңтайлы мерзімде өтті. Фермерлер уақытылы қаржымен, жеңілдетілген отынмен, қосалқы бөлшектермен, сапалы егіс материалдарымен, арзандатылған тыңайтқыштармен және өсімдіктерді қорғау құралдарымен қамтамасыз етілді», - деп атап өтті Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі.

Сонымен қатар, спикер егін жинау жұмыстарының уақтылы басталғанын айтты.

«Бүгінде біздің ең басты міндетіміз - өсірілген егінді шығынсыз жинау»,-деп мәлімдеді А.Сапаров.

Қазгидрометтің болжамы бойынша, қыркүйек айында негізгі астық егетін өңірлерде жаңбыр мол жауады. Егінді сақтау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі сақтау объектілерін дайындау, фермерлерді арзандатылған отынмен және қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету мәселелерін қатаң бақылауда ұстайды.

Жұмыстың тоқтауын болдырмау мақсатында сервистік компаниялармен «көшпелі сервисті» күшейту және қоймаларды қажетті бөлшектермен толтыру бойынша алдын ала келіссөздер жүргізілді.

Шаруаларға егін жинау жұмыстарына арналған 395 мың арзандатылған жанар-жағармайдың 175 мың тоннасы жөнелтілді. Нақтыланған мәліметтер бойынша, республикада астықты сақтаудың жалпы сыйымдылығы болжамды өнім үшін жеткілікті және 28 млн тоннадан асады (астық қабылдау кәсіпорындарында 12,1 млн тонна, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде – 15,7 млн тонна).