Тиісті жұмыстар байланыс операторларымен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин хабарлады.

Оның айтуынша, республика бойынша 6459 ауылды мекеннің 4646-нда әртүрлі технологияларды қолдана отырып, интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, тұрғындарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда екі жоба қолға алынды.

«Бірінші жоба аясында жыл соңына дейін 1250 ауылды мекенге талшықты-оптикалық желіні тарту жұмыстары аяқталады, 20 мың км астам талшықты-оптикалық желі салынады. Екінші жоба ауылдарда 3G, 4G мобильді байланысын ұйымдастыру бойынша. Бұл жоба аясында байланыс операторларымен меморандум жасалып, осы жылдың соңына дейін тұрғындар саны 250-ден асатын ауылдарды мобильдік байланыспен қамту көзделген. Қыркүйекте осындай 150 ауылды мекен мобильдік интернетке сапалы түрде қолжеткізді. Ал жыл соңына дейін қалған 778 ауыл қосылады», - деді Б.Мусин.