Қазақстанда коронавирустың SARS-COV-2 қоздырғышы геномын арнайы зерттеумен үш мекеме айналысады. Атап айтқанда, Ұлттық сараптама орталығы, Ұлттық биотехнология орталығы және Назарбаев Университеті. Зерттеулерге сәйкес, бүгінде елімізде коронавирустың өзге штаммдары тіркелмеген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл мәлім етті.

«Зерттеу нәтижелері халықаралық базаға енгізіледі. Осылайша, әлем бойынша базаға кіруге рұқсаты бар адамдар виирустың мутациясын бақылап отырады. Үш мекеменің жасаған талдауы бойынша Қазақстанда бразилиялық, британиялық және оңтүстікафрикалық штаммдар елімізде анықталмаған. Бұл штаммдардың аз ғана айырмашылығы бар, бразилиялық және британиялық штаммдардың адамға жұғу қасиеті жоғарылау, ал Қазақстандағы вирустық штаммдардың қатты мутациялануы байқалмаған», - деді маман.

Манар Смағұл коронавирустың қай түрі болмасын қорғаныш шараларын сақтау қажет екендігін атап өтті, адамдар маска тағып, қолды жиі жуу керек, сондай-ақ ара қашықтықты сақтау қажет.