Қазақстанда үлестік құрылыс саласындағы ережелер қатаңдатылуы мүмкін. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифинг барысында «Бәйтерек» Холдингі басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев хабарлады.

Оның айтуынша, тұрғын үйді өз бетінше, оның ішінде халық қаражаты есебінен салатын құрылыс салушылар үшін, «Бәйтерек» холдингі Қазақстандық тұрғын үй компаниясы арқылы кепілдіктер мен субсидиялар беруді жалғастырады. Өткен жылы аталған құралдар арқылы 145 млрд теңгенің жобалары қолдау тапты. Бұл халықтың коммерциялық нарықта 9 мың пәтер сатып алуға салған салымдарын қорғауға, сондай-ақ құрылыс компаниялары үшін кредиттер құнын орта есеппен 50%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, Әнуар Омарқожаев атап өткендей, жеке проблема жосықсыз құрылыс салушылардың үлестік құрылыс саласындағы заңнаманы бұзуы болып табылады.

«Өткен екі жылда осындай 123 компания анықталды. Қаржылық тұрақсыз компаниялар сапалы және арзан тұрғын үйге уәде бере отырып, әртүрлі кооперативтер, одақтар, жарналар арқылы халықтың салымдарын ашық түрде тартуда. Мұндай компаниялар объектілердің құрылысын «қаңқа» деңгейіне дейін жеткізе отырып, ресми рұқсат алу үшін жергілікті атқарушы органдарға жүгінеді. Бұл ретте тұрғын үй құрылысының аяқталатынына ешкім қаржылық тұрғыдан кепілдік бермейді. Сондықтан қолданыстағы екі: кепілдік беру механизмі және екінші деңгейдегі банктер арқылы жобалық қаржыландыру әдістерін ғана сақтау ұсынылады», - деді ол.

Құрылыс салушылардың қаржылық жағдайын, жұмыс тәжірибесі мен іскерлік беделін ескеретін Құрылыс компанияларының рейтингін енгізуді қажет.

«Жоғары рейтинг алған компаниялар үшін кепілдендірудің қолданыстағы тетігі сақталады. Рейтингі төмен компаниялар үшін Бірыңғай оператор белгіленген бағалар бойынша халықтан үлестік салымдарды тікелей тартатын және арнайы эскроу-шоттағы қаражаттың сақталуын қамтамасыз ететін болады. Өз кезегінде коммерциялық банктер халыққа салынып жатқан тұрғын үй сатып алуға қосымша кепілсіз ипотека бере алады», - деп түйіндеді Әнуар Омарқожаев.

Сондай-ақ үлестік салымдарды заңсыз тартқаны және/немесе қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны үшін құрылыс салушылардың жауапкершілігін қатаңдату ұсынылып отыр.