Әлемдік тәжірибеге, елдің экономикалық, демографиялық жағдайларына сүйене отырып, қазіргі кезде зейнетақы жасын төмендету мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жкуналистің сұрағына берген жауабында осылай деді.

Оның айтуынша, жалпы зейнет жасын ұлғайту немесе төмендету мәселесі әлемде үлкен зерттеулерге, ұзақ мерзімді өзекті болжамдарға сүйеніп жасалады.

«Осыдан он жыл бұрын зейнеткерлер саны жұмыс істеп жүргендерге қатысты 20 пайызды құраса, қазір бұл көрсеткіш 30 пайыздан асады. Халықтың қартаю динамикасына келсек, елімізде 65 жастан асқандар саны да, үлесі де көбейіп келеді. Егер 5 жыл бұрын бұл көрсеткіш 6,8 пайызды құраса, биыл 7,7 пайызға жетті. Дүниежүзінде бұдан жоғары көрсеткіштер бар. Сондықтан осы әлемдік трендтерді ескере келе, кейбір елдер зейнетақы жасын ұлғайтуда», - деді ведомство басшысы.

Спикер атап өткендей, Қазақстанда үш жүйелі зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Мемлекет тарапынан екі түрі – жасына байланысты және базалық зейнетақы төленеді және Жинақтаушы зейнетақы қорынан жинақталған зейнетақы. Кез келген зейнетақы түрі адамның еңбек өтіліне байланысты. Ол неғұрлым жоғары болса, зейнетақы мөлшері де соғұрлым көп болады.