Биыл Қазақстанның атынан Алматы облысы Рысқұлов ауылының тумасы 12 жасар Қарақат Башанова қатысады. Ол 26 қыркүйекте «Хабар» телеарнасында тікелей эфирде өткен Ұлттық іріктеу кезінде қазылар алқасының бағалауы мен көрермендердің SMS-дауыс беру нәтижелері бойынша жеңіске жетті.

Орталық коммуникациялар алаңында «Хабар» агенттігінің өкілдері дарынды әнші туралы баяндады. Қарақат 5 жасынан ән айтады; 9 жасынан вокалмен айналысып келеді. Қазіргі уақытта жас әнші К.Бәйсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектепте оқиды. Бірқатар республикалық байқаулардың жеңімпазы, скрипка мен фортепианода ойнайды.

Junior Eurovision байқауының гранд-финалында Қарақат 5 жыл бұрын өмірден өткен әкесіне арналған «Forever» әнін орындайды. Әннің авторы белгілі композитор Хамит Шанғалиев. Айта кетейік, Хамит Ержан Максимнің «Арманыңнан қалма» әнін жазған болатын.

«Балалар Евровидениесі» Ұлттық байқауының жеңімпазы бейнебаянының авторы - белгілі қазақстандық сценарист, режиссер Мәлік Зенгер. Атақты стилист Анарбек Жәрдемов бастаған «Қазақфильм» АҚ мамандары тарихи нюанстарды ескере отырып, бейнебаяндағы образдарды суреттер арқылы егжей-тегжейлі ойластырумен айналысты. Түсірілім жұмыстары Алматыда өтті.