2020 жылы Қазақстанның Даму Банкі өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымға 506,2 млрд. теңге инвестициялады және әлеуметтік-экономикалық тартымдылығы жоғары 34 ірі жобаны қаржыландырды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ басқарма төрағасы Абай Сарқұлов мәлімдеді. Оның айтуынша, 12 айдың ішінде ҚДБ жалпы сомасы 195,4 млрд. теңгелік 8 жобаны және 4 экспорт алдындағы операцияны қаржыландыруға мақұлдады.

«COVID-19 пандемиясы салдарынан өткен жыл бүкіл әлем және ел экономикасының барлық салалары үшін қиын болды. Алайда, банк командасының арқасында оң нәтижелерге қол жеткізе алды. Қазақстанның Даму Банкінің кредиттік портфелінің көлемі 14,3%-ға ұлғайып, 1 974 млрд. теңгеге жетті. Банк өткен жылдың басында клиенттердің әрқайсы үшін дағдарысқа қарсы жеке жоспарлар түрінде қолдау шараларын әзірледі. 2013 жылы «Бәйтерек» холдингі құрылған сәттен бастап, ҚДБ кредиттік портфелінің көлемі 5,2 есеге, немесе 422 пайызға артты», - деді Банк төрағасы.

Оның атап өтуінше, ҚДБ 2021 жылға 10 қаржылық көрсеткішпен кірмек. 2020 жылдың алдын ала нәтижелері бойынша ҚДБ-ның таза кірісі 25,4 млрд. теңгені құрады. Меншікті капитал көлемі - 516 млрд. теңге, өсім 2019 жылмен салыстырғанда 21 пайызды құрады.

ҚДБ қаржы қорын тарту құрылымындағы мемлекеттік бюджеттік қаражаттың үлесін азайту жолында да жұмыстар жүргізілуде. Қаражат ішкі және халықаралық капитал нарықтарында қарызға алынады.

«Пандемияның алғашқы толқынында, өткен жылдың ақпан айында Даму банкі теңгемен деноминацияланған еуробондтарды шығара отырып, шет елдерден тиімді мөлшерлеме бойынша шамамен 62 млрд. теңге тартты. Жыл соңында Еуразиялық даму банкімен ҚДБ-ға 5,72 млрд. ресей рублін беруге кредиттік шарт жасалды. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ аумағында бірлескен инвестициялық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында интеграцияны дамыту үшін ВЕБ.РФ, Еуразиялық Даму банкі және Беларусь Республикасының Даму банкімен ынтымақтастық туралы төртжақты меморандумға қол қойылды. Осылайша, 2020 жылы тартылған қаражат қоры көлемі 542 млрд. теңгені құрады. Оның 74,9 пайызы нарықтық қаражат. Банк мемлекеттік қаражаттың бір теңгесіне нарықтан 2,98 теңгесін тартып отыр», - деді А.Сарқұлов.

ҚДБ ресми мәліметінше, 2020 жылдың алдын ала қорытындысы бойынша Банктің кредиттік портфелінде теңгедегі қарыздардың үлесі 20,5 пайыздан 54,5 пайызға дейін ұлғайды. ҚДБ өнімді экспортқа өткізетін және шетел валютасында кіріс көздері бар жобаларды ғана шетел валютасында несиелейді.