Жаңа Заңға сәйкес қоғамдық кеңестер мемлекеттік сатып алу конкурсының комиссия құрамына қатыса алады. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов құжатқа енгізілген бұл өзгерістер негізгі толықтырулардың бірі болып саналатынын жеткізді.

«Олар конкурстық комиссияның мүшесі ретінде емес, бақылаушы ретінде қатыса алады. Талқылау кезінде қоғамдық кеңестер тарапынан және басқа да мамандар тарапынан осындай ұсыныстар түскен болатын. Өйткені комиссия мүшесі болу белгілі бір заңмен реттелген жауапкершілікті қажет етеді. Ал қоғамдық кеңес мүшелеріне ондай жауапкершілікті міндеттей алмаймыз, сондықтан конкурстық комиссиялардың жұмысына бақылаушы ретінде қатыса алады», - деді вице-министр.

Болат Тлепов шешім қабылдау барысында Қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірі міндетті түрде ескерілетінін, қоғамдық кеңесте қаралып, конкурстық комиссия төрағасын немесе мүшелерін шақырып, тиісті талқылау өткізілетінін атап өтті.