Мемлекет басшысы өз Жолдауында жануарларды қорғау, экология салаларындағы бірқатар қоғамдық және әлеуметтік мәселелерді атап өтті. Оларды шешуге үкіметтік емес ұйымдар қалай тартылады? Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте модератор ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлеповке осындай сұрақ қойды. Оның айтуынша, министрлік келер жылы бірқатар ірі іс-шараларды қолға алмақ.
«Биылғы жылы үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен «#Birgemiz Таза әлем» атты жалпыұлттық жоба іске асырылды. Бұл жоба барлық 17 өңірде өткізілді. Атап айтқанда, жоба аясында 68 шағын грант жүзеге асырылып, оның нәтижесі 10 желтоқсанға дейін белгілі болады. Бүгінде 1 мың эковолонтер оқытылып, еліміздің әр өңірінде жұмыс істеп жатыр. Ал жануарларды қорғау мәселесі бойынша зооволонтерлік бағыт ойынша келесі жылға ауқымды іс-жобалар жоспарланған»,- деді вице-министр.
Болат Тлеповтың айтуынша, үкіметтік емес ұйымдар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап экологиялық мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Бұл ретте ол «Аралды қорғау қорын» мысал ретінде келтіріп өтті.