Сауда және интеграция министрлігі қолдаудың жаңа тетігі ретінде экспорттық қаржыландыру бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бастамасын көтереді. Бұл туралы ведомство басшысы Бақыт Сұлтанов халық алдындағы есептік кездесуі барысында мәлімдеді.

«Бұл жоғары технологиялық өнімді жеткізу бойынша келісімшарттарды қолдайды. Осы қолдау нысанын күтіп отырған және 300 млрд теңгеден астам сомаға мұндай өнімді жыл сайын экспорттауға дайын кәсіпорындардың нақты тізбесі бар. Қазіргі уақытта Қазақстан шикізаттық емес экспорттаушыларды қолдаудың белсенді саясатын жүргізуде», - деді министр.

Осылайша, өткен жылы министрліктің көмегімен 300-ден астам қазақстандық компания 50 шетелдік көрмеге қатысып, 114 млрд теңгеге 63 экспорттық келісімшарт жасасты.

Өңделген өнім өндірушілерді мемлекеттік қолдау 2 жыл ішінде 277 экспортқа бағдарланған кәсіпорындардың көлік шығыстарын 6,8 млрд теңгеге төмендетуге мүмкіндік берді. Ал босатылған қаражат өндіріс көлемін ұлғайтуға инвестиция ретінде салынды. Нәтижесінде, олардың салық аударымдары 45%-ке өсті.

Экспорттаушыларға сондай-ақ, жеңілдетілген несиелер мен келісімшарттарды сақтандыру секілді қолдаулар көрсетіледі. Мысалы, өткен жылы «ҚазақЭкспорт» 82 экспорттаушының 97,1 млрд теңге сақтандыру міндеттемелерін қабылдады, биылғы жылы – 31,1 млрд теңге сомасына 50-ден астам.

Мемлекеттік қолдаудың тағы бір жүйесі іске қосылды – экспорттаушыларды жеделдету. Үстіміздегі жылы акселератор тамақ өніркәсібіне шоғырланған. Тамақ өнеркәсібінде Қытай нарығына шығарылатын 40-қа жуық компания іріктеліп алынды.

Министрдің айтуынша, 2025 жылға қарай экспорттық акселерацияны қолдау сенімді экспорттаушылар санын тағы 600 қазақстандық кәсіпорынға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл экспорттық жеткізілімдердің $ 410,2 млн ұлғаюын және 34,5 млрд теңге қосымша салық аударымдарының түсуін қамтамасыз етеді.