Түркия Республикасының бұрынғы президенті Гүл Абдуллах мырза да Нұрсұлтан Назарбаевпен ұзақ жылдар бойы табысты басшылық еткен белгілі саясаткерлердің бірі. «Нұрсұлтан Назарбаев: жаһандық ауқымдағы саясаткер» халықаралық конференциясында сөйлеген сөзінде Гүл олардың тығыз достығының не себеп болғанын айтты.

«Ұзақ саяси өмірімде және 7 жылдық президенттік қызметім кезінде, Құрметті Назарбаев мырзамен бірге етене жақын жұмыс істеу мүмкіндігім болды және мен оны жақынырақ таныдым. Арамызда берік достық орнады. Осы шеңберде мен ол кісі туралы ойымды үш тармақта түйіндегім келеді. Біріншіден, ХХ ғасырдың ең маңызды саяси оқиғаларының бірі болып табылатын Кеңес Одағының ыдырауы кезеңінен бастап, Құрметті Назарбаев мырза бүгінгі тәуелсіз, дамыған, заманауи Қазақстанның Тұңғыш Президенті ретінде қазақ халқына көреген Ұлы көшбасшы бола білді. Тұңғыш президент ретінде ол шекаралары шегеленген, тұрақты және сенімді мемлекет құрды. Қазақстанның ресурстарын өте тиімді пайдалана отырып, ол Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік жағынан қуатты мемлекет ретінде Орталық Азияда тұрақты даму мен өрлеуін қамтамасыз етті.

Ол Елбасы әсіресе білімге, ғылымға үлкен мән берді және соңғы ширек ғасырда Қазақстанның жаңа ұрпағының отандық және шетелдегі ең үздік білім-ғылым ордаларында білім алуына жағдай жасап, оларды болашаққа дайындағанын атап өтті.

«Екіншіден, өте маңызды бір ерекшелік және бұл өте сирек орын алады. Құрметті Назарбаев өзінің ең мықты кезеңінде яғни саяси жағынан тұғыры биік кезеңде, қазақ халқының және бүкіл мемлекеттік институттардың қолдауы мен адалдығына ие бола тұра, елінің болашағы үшін үлкен кемеңгерлік және парасаттылықпен президенттік қызметінен өз қалауымен бас тартып, жаңа буынның жолын ашты. Бұл – саяси тарихтағы сирек кездесетін оқиғалардың бірі. Қазақ халқының бұл шешімді әрдайым зор ризашылықпен өз жадында сақтайтынына сенімдімін. Назарбаев мырза елінің өз даму жолымен демократиялық елге айналуына, демократиялық құндылықтарға деген сенімнің артуына және парламенттік жүйенің күшеюіне, билік тармақтары арасындағы теңгерімді орнықтыруға бар күшін салды. Халықаралық саясатты терең түсінетін шебер саясаткер ретінде Назарбаев бұл қадамдарды саналы түрде жасады. Ол, расында да, ардақтауға лайық бірегей тұлға!», - деді Абдуллах Гүл өз әсерімен бөлісе отырып. Ал түркі халықтарының ақсақалы мәртебесіне ие болған үшінші аспект - Түркі кеңесінің құрылуы.

«Үшіншіден, Құрметті Назарбаев мырза – Түркі әлемін жүрегімен сезініп, оған ақыл-ой, парасатымен қызмет еткен қайраткер. Мен мұны өзім куә болған адам ретінде айтып отырмын. 2010 жылы Түркі кеңесін бірге құрдық. Мен оны күллі түріктің ақсақалы деп мәртебе тұттым. Құрметті Назарбаев мырзаның сарабдал саясатында, Түркі әлемінің алдымен мәдени-гуманитарлық және экономикалық, содан кейін саяси ынтымақтастықта болуы – оның ең басты мұрат-мақсаты. Осы тұрғыда, Қазақстан әрқашан барлық игі бастамалардың ұйытқысы болып, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Аса мәртебелі, құрметті бауырыма зор денсаулық, амандық пен есендік тілеймін. Мен қазақ халқының болашағы баянды және жарқын болатынына сенімім мол. Түрік-қазақ қатынастары да, Түркі әлеміндегі Қазақстанның өз алдына бөлек орныда әрдайым тұғырлы, күшті бола берсін, өрлеп өркендей берсін!», - деді Абдуллах Гүл.