Қызылорда облысында коронавирус инфекциясының болуы мүмкін екінші толқынына дайындық жұмыстары күшейтілді. Халыққа бірінші кезектегі қажетті дәрі-дәрімектің екі айлық қоры жасақталған. Бұл туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.

«Қажетілігіне қарай 21 инфекциялық стационарда 3200 төсек орнын дайындауға мүмкіндігіміз бар. Жақын күндері 200 төсек-орындық жаңа модульдік инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталады. Облыстық көпбейінді ауруханасында оттегі станциясы іске қосылса, Қазалы ауданында тағы бір станция пайдаланылуға беріледі. Індетпен күресте өкпені жасанды желдету аппаратын 244-ке жеткіздік. 9 ПТР, 60 рентген аппараты, 682 оттегі концентраторы бар. Дәрі-дәрмек мәселесі шешілді, екі айлық қоры дайындалды. Тұрақтандыру қоры арқылы дәрілік заттарды алуға 488 млн теңгеге қаржы қарастырылған», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Сонымен қатар, емдеу мекемелерінде маман тапшылығын болдырмау мақсатында 3600 медицина қызметкерінен кадрлық резерв құрылды. 138 мобильді медициналық бригада үйде амбулаторлық қызмет көрсетеді. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын 24 мониторингтік топ бақылайды.