ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында туристік саланы мемлекеттік қолдау мәселелеріне арналған онлайн-баспасөз конференциясы өтті.

Баспасөз іс-шарасына ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков, «KazakhTourism» ҰК» АҚ төрағасы Ержан Еркінбаев, «KazakhTourism» ҰК» АҚ оқиғалар маркетингі және арнайы жобалар департаментінің директоры Даниел Сержанұлы қатысты.

Спикерлердің ақпараты бойынша, төтенше жағдай кезінде Үкімет «Атамекен» ҰКП мен туристік қауымдастықтың ұсыныстары негізінде кәсіпкерлікті, соның ішінде туризм саласындағы субъектілерді мемлекеттік қолдау бойынша бірқатар шұғыл шаралар әзірледі.

  • туризм, қоғамдық тамақтану және қонақ үй қызметі саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер мүлік салығынан босатылды;
  • биыл 1 сәуірден 1 қазанға дейін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен басқа да төлемдерді есептеу мен төлеу жойылды;
  • 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін барлық салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша төлеу мерзімін кейінге қалдыру ұсынылды;
  • сыйақы, айыппұл және өсімақы есептеу бөлігінде жеңілдіктер енгізілді, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 90 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге банктік қарыз шарттары бойынша төлемдер бойынша мерзімін ұзарту ұсынылды.
  • Сондай-ақ, айналым қаражатын қаржыландыру, пайыздық мөлшерлемені біріздендіру, салалық шектеулерді алып тастау және кредит сомасын ұлғайту жөніндегі шараларды кеңейту бөлігінде кәсіпкерлікті қолдаудың қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларына өзгерістер енгізілді.

Д.Рыспеков өз сөзінде туризм саласындағы кәсіпкерлерге қолда бар мемлекеттік қолдау құралдарын белсенді пайдалану және әкімдіктер мен өңірлік кәсіпкерлер палаталарына жүгінуге ұсыныс жасады. Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында сапарлардың тоқтатылуына байланысты туристерге қаражатты қайтару бойынша өзекті мәселе қозғалды. Көшпелі туризм саласындағы жағдай осы бағыттың туристік пакеттерді қалыптастыру кезінде серіктестік өзара қарым-қатынастардың өте күрделі жүйесіне ие болуымен қиындауда. Клиенттерге туристік пакеттерді шетелдік курорттарға сату туристердің тұратын орындарын және әуе кемелеріндегі орындарды брондау мақсатында алдын ала халықаралық төлемдерді болжап отыр.

Егер клиенттер сапардан бас тартса және ақшаны қайтаруды талап етсе, онда туроператорлардың алдында өз депозиттері мен брондауға бағытталған қаражатын қайтару мәселесін шешу міндеті туындайды. Бұл шаралар көп уақытты талап етеді,ал көп жағдайда мұндай қайтару көбінесе қарастырылмайды.

Сөз соңында спикерлер азаматтарға осы жағдайды түсініп, мүмкіндігінше нарықты қалпына келтіргенге дейін туристік компанияларға өз талаптарын кейінге қалдыру туралы өтініш білдірді.