Апта соңына дейін медицина қызметкерлерін КВИ кодтаудың жаңа түрі бойынша оқыту аяқталуы тиіс. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздің Бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова журналистердің сұрағына берген жауабында мәлімдеді.

Оның айтуынша, статистиканың дұрыстығы маманның жағдайды дұрыс кодтап, жүйеге енгізуіне байланысты болады. 1 тамыздан бастап Қазақстан коронавирустық инфекцияны есепке алудың жаңа түріне көшеді. Егер бұрын сырқаттанушылық пен өлім-жітім бойынша статистика тек зертханалық расталған фактілер бойынша жүргізілсе, енді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бойынша тест нәтижесі теріс, бірақ коронавирустық инфекцияның айқын клиникалық және эпидемиологиялық белгілері бар жағдайлар да есепке алынатын болады.

«1 тамызға дейін вирустық пневмониямен ауырғандарды есепке аламыз ба, жоқ па? ДДСҰ ұсыныстарына сәйкес, статистика 1 тамыздан басталады. Яғни, 1 тамыздағы жағдай бойынша және 1 тамыздан бастап зертханалық расталған коронавирустық инфекция жұқтыру жағдайлары ескеріледі. 2 код қолданылады. Зертханалық расталған және зертханалық расталмаған жағдайлар. Иә, маусым айында пневмонияға шалдыққандар саны артты, бірақ бұл Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде орын алған жайт. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осыған назар аударды. Сондықтан аурулардың халықаралық жіктемесіне қосымша «коронавирустық плюс» және «коронавирустық минус» кодтары енгізілді», - деп түсіндірді Бас санитарлық дәрігер.

Сондай-ақ, А.Есмағамбетова пневмонияның вирустық, бактериялық және басқа да 20-дан астам түрі бар екенін атап өтті.

«Біз пневмония әртүрлі қоздырғыштардан туындауы мүмкін екенін түсінеміз. Оларды сәйкестендіру қиын. Сондықтан осы жағдайды зертханалық тестті, клиникалық картинаны, эпидемиологиялық картинаны және ең бастысы, зертханалық және аспаптық зерттеулерді ескере отырып, енгізуді көздейтін алгоритм әзірленді. Диагнозды коронавирустық инфекция ретінде кодтайтын әрбір дәрігер осы үш факторды негізге алатын болады», - деп түйіндеді А.Есмағамбетова.