Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Атамекен» ҚР ҰКП және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі бірлесіп, «Сатып алулардың бірыңғай терезесі» – eoz.kz порталын таныстырды.

«Сатып алулардың бірыңғай терезесі» – eoz.kz порталы бес негізгі сатып алулар алаңын (Қаржы министрлігі, Самұрық-Қазына, NADLoC, ҚазАгро, Бәйтерек) біріктірді. Осылайша бизнес өкілдері көлемі 10 трлн теңгені құрайтын нарық сыйымдылығын көруге мүмкіндік беріп, сондай-ақ сатып алулардың транспаренттілігін айтарлықтай жоғарылату және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік берді.

Жоба таныстырылымына қатысқан «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов eoz.kz сайты сатып алулардың бес негізгі алаңы екенін атап өтті. Яғни, «Сатып алулардың бірыңғай терезесі» порталы арқылы бизнес өкілдері өздерінің сатып алулардағы қатысуының географиясын кеңейтуге, сонымен қатар келесі талдауды жүргізуге мүмкіндік алады.

• кезең ішінде барлық алаңдар бойынша таңдалған тауар, жұмыс, қызметтер сатып алуларының көлемі туралы ақпарат;

• өңірлер, тапсырыс берушілер кескінінде тауар, жұмыс, қызметтер сатып алуларының серпіні;

• анағұрлым өтімді тауарлар, сонымен қатар олар бойынша бағалық диапозон.

«Мұның барлығы кәсіпкерге 100-ден астам тауарлық позиция, жұмыс қызметтерге қолжетімділікті ашады, осылайша өткізу нарығын ұлғайту, өнімнің жаңа түрін шығаруды игеру (оффтейк шарттарын жасау), қазақстандық қамтуды арттыруға мүмкіндік береді», - деді Рустам Жүрсінов.

Сонымен қатар, портал ең ірі тапсырыс берушілер мен жеткізушілерді зерттеуге, бәсекелестерді бағалауға мүмкіндік береді.