ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов халық алдындағы есептік кездесуінде атап өткендей, экономикалық интеграциялық бірлестік елдерінің арасындағы сауда мүше мемлекеттердің дамуын қолдаудың негізгі факторы болуда. Оның сөзінше, сауданы барынша өңірлендіру ЕАЭО-ның басты мақсаты болуы тиіс.

«Қазақстанда «бәсекелес өнімді жасау мәселесі ғана емес, сондай-ақ оны шетелге – жердің қиыр шетіне Еуропаға немесе Америкаға жеткізіп, сату мәселесі тұр. Мұндай шалғай жерлерге тар шеңберде мамандандырылған тауарларды ғана шығару тиімді. Бірақ қалған барлық өнімдер бойынша бәсекелесу бізге өте қиын. Сондықтан әрқашан жақын жердегі көршілермен саудаласу тез және тиімді», - деді министр.

Оның сөзінше, көптеген интеграциялық бірлестіктер сауда белсенділігін танытуда, ал ЕАЭО-да ішкі сауда көрсеткіші өте төмен. Атап айтқанда, Еуропалық одақта ЕО ішінде сауда көлемі 63%, НАФТА – 47%. Еуразиялық экономикалық одақта бұл көрсеткіш 14%-тен астам емес.

«Өңірлендіру және экономикалық интеграция мәселелері бүгінгі жағдайда өте маңызды. Біз осы алаңда ұлттық мүдделерімізді қорғайтын боламыз», - деп мәлімдеді Б. Сұлтанов.