БҒМ өкілі көпбалалы отбасыларда бір уақытта бірнеше баланы оқыту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, министрлік тарапынан мұндай жағдайлар ескеріліп, икемді сабақ кестесі жасалған және компьютердің болуы міндетті емес.

«Елімізде стримингтік және асинхрондық сабақ беру қолданылады. Ата-аналардың көбі оларды шатастырып алады. Қазір сабақтардың барлығы асинхронды форматта өтіп жатыр. Яғни, мұғалім интернет платформаларды пайдалана отыра тиісті тақырыпты түсіндіру жұмыстары бойынша тест тапсырмаларын, бекіту тапсырмаларын береді. Оқушылар орындаған жұмыстарын платформаға жүктеп, мұғаліммен кері байланыс орнатады. Ол үшін міндетті түрде компьютер қажет деп айтпаймыз. Ондай талапты ешкім қойып отырған жоқ. Компьютер мұғалім стримингтік режимде сабақ өткізсе ғана қажет. Сондықтан көпбалалы аналардың жағдайы да ескеріліп отыр», - деді Шолпан Каринова.

Оның атап өтуінше, бір үйден бірнеше бала оқыған жағдайда осындай әдістемелік ұстанымдар беріледі. Мұның барлығы жеке мектептер бойынша іске асырылып жатыр.