Биылғы 6 қаңтарда құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан 47 азамат, соның ішінде 30 бала елімізге қайтарылды, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

"Олар дағдарыс жайлаған елге алданып барып, террористердің тұтқынында болды. Қазақстанға келген соң әйелдер мен балаларға мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілді. Осындай ауыр жағдайға ұшыраған бұл кінәсіз жандардың қуанышында шек жоқ. Олар бір ай бойы бейімдеу орталығында болып, қажетті медициналық көмек алады. Атқарылған жұмыс мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді", - деп мәлімдеді Нұрсүлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әрдайым қолдау көрсететінін де атап өтті.

"Біздің негізгі міндетіміз – еліміздің қауіпсіздігін, халқымыздың береке-бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету. Қақтығыс аймағында еріксіз жүрген балаларды қайтару жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз", - деді Мемлекет басшысы.