Астаналық бесінші емхананың директоры БАҚ-тың сұрақтарына жауап бере отырып, тұмауға қарсы вакцинация туралы айтты. «Дәрігерлер стационарларда тұмауға қарсы егуді ұсынады. Сіздер осы науқанға дайынсыздар ма?» деген журналистердің сұрағына тұмауға қарсы вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне кірмейтінін айтты.

«Тұмауға қарсы вакцинация Ұлттық егу күнтізбесіне кірмейді, бірақ жергілікті бюджет есебінен диспансерлік есепте тұрған, созылмалы аурулары бар пациенттерге, қауіпті топтағы балаларға, жүкті әйелдерге, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне жыл сайын вакцина сатып алынады. Менің ойымша, осы жылы бұл жұмыс жалғасын табады және вакцинаны қажет болған жағдайда ертерек өткіземіз»,- деп жауап берді Табулдина.

Айта кетейік, емхананың жеті пациенті пневмониямен уақытында ауруханаға жатқызылды. Ал COVID-19 жеңіл нысаны бар 16 жүкті әйел дәрігерлерде қаралды. Олардың барлығынан дені сау балалар туылды. Емхана басшысының айтуынша, барлық пациенттер емделіп, қазір жағдайлары жақсы.