Елдің CОVID-19 вакцинасына қажеттілігін қамтамасыз ету үшін вакцинациялауға жататын тәуекел топтар анықталды. Бұл 60 жастан асқан созылмалы аурулары бар адамдар, медицина қызметкерлері, мұғалімдер.

Республика бойынша вакцинациялауға жататындардың алдын ала саны 2,8 млн адамды немесе бүкіл халықтың 15%-ын құрайды. Бұл ретте вакцинаның 5,6 млн дозасы қажет. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Алексей Цой өз баяндамасында осылай деді.

Министрлік ресейлік «Спутник V» вакцинасын, «AstraZeneca» компаниясының Оксфорд вакцинасын және қазақстандық вакцинаны сатып алу бойынша жұмыс жүргізуде.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеулерге ресми түрде жіберді. 17 қыркүйекте вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау мақсатында Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы базасында клиникалық зерттеулердің I фазасын жүргізуге рұқсат берілді. 17 қарашада II кезеңнің клиникалық зерттеулері аяқталады, ал III кезең 2021 жылдың сәуір айының соңына дейін жалғасады», - деді ведомство басшысы.