Нұр-Сұлтанда КВИ-дің жаңа толқынына дайындық күшейтілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді. Елорда басшысы еріктілердің, дәрігерлердің және мегаполис тұрғындарының елеулі еңбегін атап өтті. 15 мыңнан астам адам қауіпті вирустан жазылып шықты. Ауруханада 176 адам ем қабылдауда. Жазда КВИ жұқтырғандар саны күніне төрт мыңға жуық болғанын ескерсек, айырмашылық зор. Бірақ алдағы уақытта да дайын болуымыз керек, - деп атап өтті Көлгінов.

Қазіргі кезде елордада 17 ПТР-зертхана жұмыс істеп тұр, тест нәтижелері 4 сағаттың ішінде, ал стационарларда - екі сағаттың ішінде ұсынылады. Күнделікті зерттеулер қуаты 11 мыңға дейін артты.

«ВАК шешімі бойынша сырттан ұшып келетін рейстердің барлық жолаушыларында ПТР анықтамасы болуы тиіс. Анықтамасы жоқ адамдар карантинге жатқызылады, тексеруден өткеннен кейін қалаға жіберіледі. 6 қазаннан бастап 4800 адам карантинге жатқызылды, 28 адамда сынақ нәтижесі оң болды. Карантинді бұзушыларға шаралар қолданылады, кейбір ойын-сауық мекемелерінде: мейрамханаларда, түнгі клубтарда бірнеше рет бұзушылықтар анықталды. Заң бойынша жауапкершілікке тартуға тура келді. Қаскөй бұзушылар әкімшілік жауапқа тартылды. Медицина қызметкерлерінің бәрі жеке қорғаныш құралдарымен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Біз дәрі-дәрмек дистрибьюторларымен тығыз жұмыс істейміз, дәрі-дәрмекті уақытылы жеткізу үшін олардың айналым капиталына арналған бюджет жасалды», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.

Елорда басшысы осы бағыттағы жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті. Жедел медициналық жәрдем станциясының базасында байланыс және ситуациялық орталықтар жұмыс істейді, Телеграмм-арна іске қосылды. Осы іс-әрекеттердің барлығы жағдайды тұрақтандыруға септігін тигізді.

«Эпидемиологиялық жағдайға, санитарлық талаптарға аса жауапкершілікпен қарайтын және оларды сақтайтын тұрғындарымызға алғыс айтқым келеді. Дәрігерлерімізге, қазір алдыңғы шепте инфекциямен күресіп жатқандардың барлығына ризашылығымды білдіремін. Алда мерекелер бар, сондықтан адамдар көп жиналатын орындарға бармай, отбасымен атап өткен дұрыс. Жаңа жылды ауруханада емес, үйде қарсы алған жақсы», - деді Көлгінов.