Елбасының тапсырмасымен еңбек өнімділігін 2,5 есеге өсіру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында өңірде жаңа технологиялар енгізілуде. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында өткізген көшпелі баспасөз конференциясында мәлімдеді. Оның айтуынша, жобалар 3 бағытта жүзеге асырылып жатыр.

«Алдымен шаруашылықтар ірілендірілуде. Қазіргі таңда ең үздік суару әдістері қолданылады. Атап айтқанда, Түркістан қаласының төңірегінде азық-түлік белдеуі құрылып жатыр. Бұл жерде 11 мың гектарда кооперативтер ұйымдастырып, 1,5 мыңға жуық фермерлер біріктірілуде. 4 кооператив құрылды. Әрқайсысында 1 мың гектарға дейін жер телімі бар. Олар жаңбырлатып суару технологиясын енгізіп жатыр. Америкалық компаниямен бірге жұмыс істеуде. Бұл тәжірибе биыл алғаш рет пайдаланылып отыр. Екі өнім алынды: бидай және жүгері», - деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, Ө.Шөкеевтің айтуынша, әр мың гектар жерде үлкен өңдеу өндірісі жолға қойылды. «Түркістан агро-21» компаниясы 795 га жерді суландырып, екі рет өнім алды, сондай-ақ келесі жылы 6 млрд теңгеге 1200 басты сүт тауарлы ферма іске қосылмақ. «СПК Сауран» компаниясы 795 га жерді суландырып, бордақылау кешенін салып жатыр.

Тағы бір «Ынтымақ агро» компаниясы 462 га жаңбырлатып суаурмен қондырғыларын орнатты. Бұл жерде құс фермасы іске қосылады.

«Екінші бағыт орташа шаруашылықтар арасында 2-3 өнім алу технологиясы. Бұл технология былтырдан бері барлық аудандарда іске қосылды. Биылдың өзінде 2 мың жоба іске асырылды», - деді Ө.Шөкеев.

Өңір басшысының айтуынша, бұдан бөлек, ауылдық жерлерде 10 сотық жерден бастап тамшылатып суару жүйесі технологиясы енгізілуде. Бұл жүйе бойынша 105 жоба «Еңбек» бағдарламасы бойынша гранттармен қаржыландырып жатыр.