Отандық азық-түлікпен импорт алмастыру мақсатында Қазақстанда құс фабрикаларын, ет комбинаттарын, сүт зауыттарын, қант және балық зауыттарын құру, сондай-ақ қарқынды алма бақтарын дамыту бойынша 44 жоба іске асырылмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика министрлігінің басшысы Руслан Дәленов мәлімдеді.

Осы мақсатта 10 бағыт бойынша қаржылық және қаржылық емес шаралар қарастырылған 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар іске асырылуда. Онда салықтық ынталандырулармен қатар несиелендіруді кеңейту, инфрақұрылымды дамыту, ішкі өндірісті, кәсіпкерлікті қолдау және жұмыспен қамтуды сақтау бойынша шаралар қарастырылған. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында түзетулердің екінші пакеті бөлек заң жобасы түрінде депутаттардың қарауына енгізілетін болады.

Министрдің мәліметінше, Өнеркәсіпті дамыту қорын құру, оффтейк-келісімшарттар жасау, жоғары бөліністі өнімдерді экспорттау кезінде көлік шығындарының 80-на дейін өтеу жоспарлануда. Бұл ретте өңдеуші кәсіпорындар Қор арқылы 3%-дан аспайтын мөлшерлемемен несие ала алады. Лизингтік қаржыландыру арқылы жоғары технологиялық құю зауытын, жүк автомобильдерінің жетекші көпірлерінің басты берілістерінің редукторларын өндіру зауытын және автомобиль шиналарын өндіру зауытын салу сияқты жобалар іске асырылады.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін форвардтық келісімшарттарды енгізу және «егіс даласынан сөреге дейін» қағидаты бойынша қаржыландыру тетігін енгізу аграрлық өнімді тұрақты сатып алуды және өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Егіс даласынан сөреге дейін» пилоттық жобасын Жамбыл, Түркістан және Алматы облыстарында іске асыру жоспарланған. Ол үшін барлық қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде», - деді Р.Дәленов.

Сондай-ақ министр өз сөзінде «5-10-20» жеңілдетілген несиелеу бойынша пилоттық жобаны іске қосу, «Жұмыспен қамту жол картасы» нысандарының құрылысы барысында отандық құрылыс материалдарын сатып алуды қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша Жол картасын және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді мемлекеттік қолдау шараларын іске қосу, «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жұмыссыздарды тіркеу мерзімін қысқарту, ШОБ субъектілерін несиелеу процедураларын жеңілдетуге тоқталды.