Ұстаздардың еңбекақысы 25 пайызға көтерілді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте журналистің Мемлекет бсшысының тапсырмаларын орындау аясында атқарылған жұмыстар бойынша қойған сұрағына берген жауабында осылай деді.

Білім, ғылым саласына баса назар аударылып отыр.

«Қасым-Жомарт Тоқаев барлық тапсырмаларында білім саласын алдыңғы қатарға қойып отыр. Жоғарғы оқу орындарына қатысты тапсырмалар болды. Диплом жасап, білім беруге емес, оны сатып, бизнеске айналдырғандармен күрес жүргізіліп жатыр. Сабақтар өткізбей, тиісті деңгейде білім бермеген, жағдайы мүшкіл бірнеше университет жабылды», - деді министр.

Сонымен қатар, «Педагогтың мәртебесі туралы» заң қабылданды, 5,3 трлн теңге бөлінді. Қазіргі кезде мұғалімдерді басқа жұмыстарға тартпау, қағазбастылықтан құтқару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Ғылым да мемлекет басшысының назарында. Биыл қаржыландыруды көбейту тапсырылды. Ол екі есеге артты. Алғаш рет қомақты қаржы бөлініп отыр. Жалпы мәселе оны тиімді игеруде. Ашық, жария, сенімді болатындай механизм жасау, басқару мәселесі, - деді А.Аймағаметов.