«Жеке клиникалардың, ведомстволық немесе Денсаулық сақтау министрлігіне есеп бермейтін республикалық медициналық ұйымдардың кейбірі ғана жауап берді. Инфекционист, пульмонолог, реаниматолог болмаса да, барлық дәрігерлер көмектесе алады. Инфекциялық, провизорлық стационарларға мамандар керек. Қабылдау бөлімдерінде көмектесе алады, негізгі дәрігерлер демалғанша кезекшілік етер еді. Әріптестерімізге қол ұшын созуға шақырамын»,- деді вице-министр Ажар Гиният онлайн-форматта өткен брифингте.

Оның мәліметінше, КВИ-ге қарсы күреске Қазақстанда 46 мың медицина қызметкері жұмылдырылған. Оның ішінде 9 мың дәрігер, ал инфекциялық және провизорлық бөлімдерде 22 мың маман тікелей жұмыс істеп жүр. Сондай-ақ, Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында үш мыңнан астам дәрігер мен орта буын қызметкері тапшы. Дәрігер-анестезиолог-реаниматолог, дәрігер-инфекционист, эпидемиолог, дәрігер-реабилитологтар да жетпей жатыр.