ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл АСЫЛОВАНЫҢ және ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан КАРИНОВАНЫҢ қатысуымен баспасөз-конференциясы өтті.

Вице-министр Бибігүл Асылова брифингте Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев қол қойған «Педагог мәртебесі туралы» Заңның негізгі ережелері жайлы айтты.

2019 жылдың соңғы күндерінде Парламент Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев қол қойған «Педагог мәртебесі туралы» Заңды қабылдады.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қ-Ж.Тоқаевтың «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасы және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында алынған ұсыныстар негізінде қосымша әлеуметтік кепілдіктерді, жүктемені төмендетуді және есептілікті қысқартуды көздейтін нормаларды енгізу арқылы ағымдағы жылы «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау көзделді», - деді Бибігүл Амангелдіқызы.

«Педагог мәртебесі туралы» Заң 21 баптан тұрады және педагогтің кәсіптік қызметтегі, материалдық қамтамасыз ету, көтермелеу, әлеуметтік кепілдіктерге құқықтарын, педагогтің міндеттерін және т.б. көздейді.

«Бүгін біз сіздерді еліміздің педагогтері үшін өте маңызды болып табылатын аталған заңның негізгі ережелерімен таныстырып және сіздердің көмектеріңіз арқылы осы басты ережелерді жалпы қоғам мен барлық ұстаздар қауымына жеткізгіміз келеді», - деді вице-министр.

«Педагог мәртебесі туралы» Заңды қабылдау 9 заңнамалық актіге (1 кодекс және 8 заңға) өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етеді. Барлық атаған өзгерістер мен толықтырулар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңда көрініс тапты.

Сонымен қатар, вице-министр Педагог мәртебесі туралы заң қабылданғаннан кейін бірыңғай ұғым пайда болғандығын да атап өтті.

«Ең алдымен Қазақстан Республикасының «Білім туралы» және «Педагог мәртебесі туралы» заңдарына «ПЕДАГОГ» бірыңғай ұғымы енгізілгенін атап өткім келеді. Педагогтер лауазымдарының тізбесі 28 атауға дейін кеңейтілді», - деді Бибігүл Амангелдіқызы Асылова.

Жаңа Заң бойынша мектеп мұғалімдерінің сапалық құрамын арттыру үшін магистр дәрежесі бар тұлғалар үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы көзделген. Педагогке тәлімгерлікті жүзеге асырғаны үшін бір базалық лауазымдық жалақы мөлшерінде қосымша ақы төленеді. Вице-министр сынып жетекшілігі және дәптерлерді тексергені үшін қосымша ақы мөлшері екі есе өскендігін айтып, Заңның тағы бір ерекшелігін атап өтті.

«Заңдағы тағы бір ерекшелік, педагог мәртебесін арттыратын Педагогтің көтермелену құқығы болып табылады. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атты Мемлекеттік награданың жаңа түрі белгіленді. Бұл награда 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолдық төлем жасауды көздейді», - деп мәлімдеді Бибігүл Асылова.