Қаржы пирамидалары фактілері бойынша 2020 жылдың 8 айында 37 қылмыстық іс қозғалды, 18 қаржы пирамидасының заңсыз қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасының аса маңызды істер бойынша тергеушісі Ерден Жұма мәлімдеді. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде.

Оның айтуынша, ҚР ҚК 217-бабына сәйкес, Қазақстанда қаржы пирамидаларының қызметіне тыйым салынған.

«Анықталған қылмыстық фактілерден адамдар зардап шегіп, алданып қалды. Олар құқық қорғау органдарына уақыты хабарласпайды, немесе ақшаны қайтара аламын деп үміттенеді. Сондықтан қазіргі кезде профилактикалық шараларға баса назар аударылып отыр. Осы бағытта профилактикалық шаралар қолға алынып, бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр», - деді спикер.

Сондай-ақ, Ерден Жұманың атап өтуінше, ҚР ӘҚБтК 150-бабына сәйкес, қаржы пирамидаларын жарнамалаушыларға қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.