Маңғыстауда «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында құны 26 млрд. теңгенің 9 инфрақұрылымдық жобасы іске асырылуда. Сондай-ақ, биыл өңір тұрғындары көптен бері көтеріп жүрген мәселелердің бірі - қала және ауылішілік жолдар күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов хабарлады.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының көмегімен Бейнеу ауданында 44 көшеге, Маңғыстау ауданында 13 көшеге, Түпқараған ауданында 25 көшеге асфальт төселді. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасы арқылы Ақтау қаласының шағынауданішілік жолдары жөндеуден өтті. Атап айтқанда, 6 бірдей шағын аудандағы 136 мың шаршы метр жол жөнделді», - деді облыс әкімі Серікбай Трұмов.

Өңір басшысы құрылыс саласында жеке тұрғын үй құрылысы мен мемлекеттік бағдарламалар тиімді іске асырылып жатқанын атап өтті. Дәлірек айтқанда, көрсеткіш 13,5%-ға өсіп, 151,9 млрд. теңгені құрады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1 млн. шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 1,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 154 отбасы баспаналы болды. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді баспанамен қамту мақсатында 130 отбасыға тұрғын үй сертификаты берілді. Жыл соңында тағы 419 отбасыға пәтер беру жоспарлануда», - деді С.Трұмов.

Бұдан бөлек, жаңаөзендіктерге Ақтау қаласынан тұрғын үй беру үшін 150 пәтер бөлінді. Ал, «7-20-25» бағдарламасы аясында 8,1 млрд теңгеге 800-ге тарта өтінім мақұлданды. Бұған қоса, «Шаңырақ» пилоттық жобасы «5-10-20» бағдарламасымен 93 пәтер берілді.